e-mail: irt.plan.roo2@mail.ru

тел. 871832 2-11-40

140500, Ертіс ауданы

Ертіс а. И.Байзаков қөшесі, 14

Жол жүру картасы
Сенім телефоны
8 71832 2 25 38
Бір жылда140596
Бір айда10315
Бір аптада2344
Кеше469
Тәулік33
Температура режимі

Өмірлері өнеге

 

 

 


    

ҒАЛЫМ ҚАРЖАСОВ

 

           Ғалым Қаржасов 1954 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. №2 Ертіс қазақ орта мектебін бітірген. Ол  1980 жылы Алматы қаласында Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Ғ. Қаржасовтың туындылары Нью-Йорк, Варшава, Вроцлав, Берлин, Амстердам, Штутгард және Мюнхен мұражайларында сақтаулы. Суретшінің жеке көрмелері Павлодар, Қарағанды, Алматы, Омбы, Санкт-Петербор, Астана қалаларында өткізілді. Қазақ халқының сәндік қолданбалы көркемөнер дәстүріне сүйене отырып, пластикалық және үлгілік жүйеде өзінің жеке стилін дамытқан.

 

    Ол ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Президент сыйлығының лауреаты (1998).

 

Негізгі шығармалары

"Ана суреті" (1986); "Раушан" (1987); "Достар" (1988); "Айнұр" (1992); "Шырын" (1992); "Сонар" (1993); "Дабыл" (1994); "Көзқарас" (1999); "Таным" (2000).

Көлемді еңбектері

Көптеген көлемді триптихтардың - еңбектердің авторы "Оқу мен өндіріс" (чеканка, 1987); "Ежелгі Қазақстан қазынасы" емдеу-сауықтандыру "Химзауыт" (ағаш, кескін, 1990); "Ұмытылмас есімдер" Майқайын ауылындағы мектеп-интернатындағы жазбалар кешені (1992); "Дала әуені" Актогай ауылының МҮ (жазба, 1993); "Абай шығармашылығы" № 10 мектеп (жазба, 1994).

 


 

 

ҚАЙРАТ ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ ЛАМА ШАРИФ

 

1962 жылы 1 қаңтарда Павлодар облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірген (1990). Филолог-арабист, шығыстанушы.
1993 жылдан бастап Дипломатиялық қызметте - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының үшінші хатшысы (1993), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің үшінші, кейін екінші хатшысы (1993-1996), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мәдени байланыстар, гуманитарлық ынтымақтастық және ЮНЕСКО істері жөніндегі басқарманың екінші хатшысы (1996-1997), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка басқармасының екінші, кейін бірінші хатшысы (1997-1998), Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кейін Кеңесшісі (1998-2002), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бөлім бастығы, кейін басқарма бастығы (2002-2003), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаменті директорының орынбасары (2003-2004), Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі жанындағы Сыртқы саясат орталығының Бас инспекторы (2004-2006), Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулы (2006).
2006 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы ‎Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. Ол Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымдағы Тұрақты өкілі (2006-2010), Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2008-2010) болған. 2007 жылғы мамыр айынан бастап Кувейт Мемлекетіндегі және 2009 жылғы наурыз айынан бастап Бахрейн Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы.
Қайрат Лама Шариф «Араб тілінің хрестоматиясы» (2004), «Қазақша-арабша тілашар» (2005), «Қазақстан және әлем елдері» (2005), ‎«Қажылық» (2010) және араб тіліндегі «Қазақстан - Орталық Азияның інжу-маржаны», ‎‎«Экономикалық дамудың қазақстандық моделі», «Қазақстан фактілер мен ‎сандарда», «Қазақстан – көпұлтты ел» және «Киіз үй – көшпенді ‎қазақтардың үйі» атты кітаптардың авторы. Сонымен қатар, оның жалпы редакторлығымен ‎Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жылсайынғы жолдаулары, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» және ‎«Ғаламдық қоғамдастықты ‎түбегейлі жаңарту ‎‎стратегиясы және өркениеттер ‎серіктестігі» кітаптары, «Дағдарыстан шығу кілті», «Бесінші жол» және «Еуропадағы қауіпсіздік пен қауіпсіздік ұйымының тағдыры мен ‎болашағы» мақалалары, Қазақстан ‎Республикасының Атазаңы, «Нұрсұлтан Назарбаев – ұлтаралық және ‎дінаралық татулықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы» кітабы, ‎Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы дипломатиясы» және «Нұр мен ‎көлеңке» кітаптары араб тілінде және ‎«Қазақстан мен Сауд Арабиясы: стратегиялық ‎әріптестік жолында», «Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы жолында» атты кітаптар орыс тілінде жарық көрді.
Бірінші класты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. «Қазақстан Республикасының Ата Заңына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) және «Ерен еңбегі үшін» (2008) медальдарымен марапатталған.
Үйленген, ұлы, екі немересі бар.

 


 
 

 

 

 ҒАЛЫМБЕК САҒЫМБАЙҰЛЫ ЖҰМАТОВ

 

      Ғ.Жұматов -  1952 жылы 15 қазанда Ертіс ауданының Үлгілі ауылында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады, облыстық «Қызыл ту» («Сарыарқа самалы») газетінде, одан кейін «Халық кеңесі» республикалық газетінің меншікті тілшісі болып жұмыс істеді.

Ақынның «Арман қанатында» атты бірінші жинағы 1980 жылы жарыққа шықты, қаламынан туындаған барлығы 20-дан астам кітабы бар. Ол сондай-ақ «Ана өсиеті» эссесінің, «Сағыныш сазы» ақындық жинағының, «Кемелді елдің Кемері» деректі повесінің, «Мәшһүр тағлымы» публицистикалық повесінің авторы болып табылады.

2007 жылы Ғ.Жұматов Павлодарда қазақ тілінде жарық көретін «Шаһар» газетін ұйымдастырып, басқарды, ал биыл облыс әкімінің бастамасымен құрылған «Найзатас» әдеби журналының редакторы болды.

 

Шығармашылығы

 

Алғашқы әңгімелері 1980 жылы «Арман қанатында» жинағында жарық көрген. 1984 жылы «Трактор қалай жасалады?» деген кітапшасы шықты. 1986 жылы «Ала көжек» повесі «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде үшінші сыйлыққа ие болды. «Жалғас — жауынгердің баласы», «Кең аулалы үйденбіз» повестері 1992 жылы жинақ болып шыққан.

Ғ.Жұматов оқырмандарына ақын ретінде танымал. Ол 2003 жылы «Қазақстан – қара шаңырағым» атты республикалық мүшайраның бірінші жүлдесін жеңіп алды. Балаларға арналған «Біз - 42 әріппіз» (2003 жыл) және «Жеңіс жалауын желбіреткен» (2005 жыл) жыр жинақтарын жарыққа шығарды. Ұлы Жеңістің 60 жылдығында композитор Н.Дүкенбаевпен бірігіп жазған «Жеңіс жолы», «Майдангер аталарға» әндері және 2008 жылы Астананың 10 жылдығына арналған «Астанам әсем-асқақ ән» әндер жинағы мерекелік салтанат рәсіміне енді. 2006 жылы «Ана өсиеті» атты поэтикалық эссе кітабы мен «Сағыныш сазы» жыр жинағы жарық көрсе, 2007 жылы оқырмандарына «Кемелді елдің Кемері» атты деректі повесін, 2008 жылы «Мәшһүр тағлымы» публицистикалық кітабын, «Сары белең» повестер мен әңгімелер жинағын ұсынды.

Жетістіктері

2003 жылы «Қазақстан — қара шаңырағым» атты республикалық мүшәйраның бірінші жүлдесін жеңіп алған. Балаларға арналған «Біз — 42 әріппіз» (2003) және «Жеңіс жалауын желбіреткен» (2005) жыр жинақтары жарық көрген. 2006 жылы «Ана өсиеті» эссе кітабы, «Сағыныш сазы» атты жыр жинағы, 2007 жылы «Кемелді елдің Кемері» атты деректі повесі, 2008 жылы «Мәшһүр тағлымы» публицистикалық кітабы, «Сары белең» повестер мен әңгімелер жинағы шыққан.

 


 

 

 

Ғалия Балтабай

Әуезді үнімен тербеткен талай толқынды

Қайсарлық. Күрескерлік. Табандылық. Турашылдық... Бұл - Құсайынның қызы Ғалияның бойындағы қасиеттердің бір парасы ғана. Өршіл мінезінің арқасында бір атанға жүк болар талай іс тындырғанына елі куә. Ол  42 жыл бойы еліміздің, туған өңірі Павлодар облысының қоғамдық-мәдени өміріне, әсіресе, журналистика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, өшпес із қалдырды. Көпшілік Ғалия Балтабайды жүзбе-жүз көрмесе де, радиодағы әсем дауысын жазбай таниды. Еліне сіңірген еңбегі ерен журналист бүгінде 65 жасқа толып отыр.

Ғалия Құсайынқызы Ертіс ауданындағы №2 Ертіс қазақ орта мектебінің түлегі.Ол 1966 жылы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған екен. Бірақ, араға жыл салып, жүрек қалауы журналистика саласына бет бұрып, Алматыдағы Қазақ радиосына қызметке орналасты. Мұнда 16 жыл жемісті еңбек етті. Осы уақыт аралығында Кеңес Үкіметінің солақай саясатына қарамастан, ұлттық мәдениетке, тіл мен ділге, қазақ балабақшалары мен мектептерін ашуға қатысты өзекті мәселелерді билік назарына шығара білді. Ойын ашық айтып, проблеманың өзегін көрсете алды. Әр істің көлеңкелі тұстарын анықтауға тырысты. Барынша халқына жақын болу Ғ.Балтабайдың басты ұстанымы еді. Бұл өмірлік қағидасын журналистік қызметте жүріп көтерген сыни бағдарламаларынан байқау қиын емес. Міне, осы қайсар мінезімен де көптің жүрегіне жол тапты. Елінің ертеңі үшін атқарған іргелі істері жайында замандастары, бірге қызмет еткен әріптестері де аз айтқан жоқ. Олар өткір мінезді журналистің еңбегіне жоғары баға беріп үлгерді. Мысалы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Ерсайын Тәпенов бір естелігінде Ғалия Балтабайдың Кеңес Үкіметі құламай тұрып, 1987 жылы ғалымдардың мекені - Павлодар өңірінде қазақ театрының жоқтығын республикалық деңгейде көтергенін ерлікке балапты. Себебі, ол уақытта ұлттық мәселені көтерген азаматтар «қара тізімге» ілігетін. Режиссер Ғалия апайды өңірдегі өнер ордасының ашылуына мұрындық болған азаматтардың қатарына жатқызады. Өйткені, ол «Қазақ театры өртенсе де, өнері өртенген жоқ» деген тақырыппен облыстық телеарнадан көрсетуге рұқсат берілмеген хабарды республикалық арнадан ел назарына ұсыныпты.

1983 жылы Ғалия Құсайынқызы отбасылық жағдайына байланысты Павлодар облыстық телеарнасына редакторлыққа ауысады. Бұл қызметте қоғамның әлеуметтік мәселелерін сын садағына алады. Мәселен, жетім балалар жайында түсірген «Менің анам қайда екен?», ата-анасын қарттар үйіне тапсырған безбүйрек балалардың ұсқынсыз әрекеті турасындағы «Қарттарым, аман-сау жүрсің бе?» атты телехабарлары көрермендерге ой салып, қоғамда қызу талқыға түскен. Аталмыш тақырыптар ол кезде, тіпті, ТМД елдерінде көтерілмеген екен. Демек, бұл Ғалия апайдың ізденімпаздығын аңғартса керек. Сол хабарлардан кейін бірқатар ата-ана жетімдер үйінен балаларын қайтарып алған көрінеді. Жұмыстың жемісі деп осыны айтыңыз. Дәл осы хабарлары үшін Ғалия апай басшылық тарапынан алғысқа бөленіп, еңбегіне ең жоғары қаламақы қойылыпты. «Бір хаттың ізімен» деген хабар арқылы көрермендердің мұң-мұқтажына құлақ асып, көпке ортақ талай мәселенің оң шешімін табуға жәрдемдескен.

Кезінде жер-жерде қазақ мектептері жабылып, ата-аналар балаларын ана тілінде оқытуға жол таппай қиналғанда Ғалия Құсайынқызы тағы да төбе көрсетті. Бір топ әріптестерімен бірлесіп, ұлттық тәрбиенің түйінін тарқатуға кірісті. Сол жылдары ол Екібастұз қаласында Павлодар облыстық телеарнасының тілшісі қызметінде болған. Қазақ балаларының жағдайын айтып, шырылдаған журналист               

1985-86 жылдары кеншілер шаһарындағы жалғыз қазақ мектебінде орынның жетіспеушілігінен оқушылардың дәретханада, жуыну бөлмелерінде білім алып жатқанын сыни хабарына арқау етті. Алайда, оны облыстық телеарнаның эфиріне өткізе алмай тағы қиналды. Сонда да қарап отырмады, жағдайды облыстық «Қызыл Ту» және «Звезда Прииртышья» газеттеріне жариялап жіберді. Сол кездегі екібастұздық білім беру бөлімінің бастығы Қ.Садықов қалалық газетке жауап мақала жазып, онда Ғалия апайға «ұлтшыл» деп жала жапты. Бірақ, қайсар қызға мұндай жалған жала тұсау болған жоқ. Табандылығының, ұлтжандылығының арқасы болар, ақыры, Ғ.Балтабай бас режиссер Ү.Сәдуованың көмегімен басшылардың рұқсатынсыз республикалық «Қазақстан» телеарнасына жанайқайға толы материалын жөнелтті. Мәселенің мән-жайын салмақтаған телекорпорацияның басшысы Сағат Әшімбаев «өз жерімізде балаларымызды дәретханада оқыту деген не масқара?» деп, телехабарды эфирге шығаруға рұқсат етті. Кейін тағы да біраз шапқылап, соңында Екібастұзда бір емес, екі қазақ мектебінің ашылуына түрткі болды. Екі мектептің бірінің тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кескенін көргенде, Ғалия апай көзіне жас алыпты. Әрине, бұл қуаныштың жасы еді.

Бұдан бөлек, Ғалия апай Павлодар мен Екібастұз қалаларында қазақ бала-бақшаларының ашылуына да сыни хабарлары арқылы үлес қосқан. Ономастика саласында да өзіндік ізі бар. Мысалы, қазіргі Ақсу қаласындағы қанды қарақшы Ермактың ескерткіші мен қаланың атауын өзгертуге байланысты Алматыдағы Қазақ радиосынан қайсар журналистің бірқатар хабарлар               желісі өтті. Кезінде «Қазақстан» телерадио-корпорациясын басқарған Шерхан Мұртаза сол хабар жайында: «Мына мәселені көтеріп отырған журналистің де, осы хабарда сөйлеп тұрған адамның да жүрегінің түгі бар екен» деп жоғары бағасын беріпті. Шынымен де, Кеңес Одағы тұсында мұндай мәселені көтеру оңай емес еді. Бірақ, әріптесіміз тайсалмады. Ұлтжандылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл - Ғалия апай облыстық телеарнамен қатар, Қазақ радиосының өңіріміздегі меншікті тілшісі қызметінде жүрген шағы. Қоғам қайраткері Оралбек Қожановтың «Ғалия – батыр қыз» деуі тегіннен-тегін емес. Себебі, Кеңес өкіметі ыдырауға жақын тұста Павлодар облысында көптеген саяси дүмпулер ұйымдастырылды. Ол түрлі шерулердің ортасында жүріп, қазақ азаматтарының намысын қорғап, қазақ басшыларының қасынан табылды.

Жалпы, майталман журналист жерлестерінің шашбауын көтеруден еш аянбаған. Павлодарлықтардың мұң-мұқтажын республика деңгейіне шығарып, түйткілдердің түйінін тарқатуға үлес қосты. Оған жарқын мысалдар да баршылық. Мәселен, Екібастұзда телефон байланысын жақсартуға қаражаттың жоқтығын жауапты министрге төтесінен қойып, бірнеше айдан кейін істің оң шешілуіне ықпал етті. Сондай-ақ, Бұқар жырау музейін сақтап қалу ісіне де атсалысыпты. Дінімізге қайшы әрекеттерді де сынға алады. Яғни, жылқы, сиыр еттерімен қатар шошқа етінің дүкен сөрелерінде бірге сатылуын сынға алды. Сөйтіп, көтерген мәселесі сол кездегі облыс әкімі Даниял Ахметовтің құлағына жетіп, жеке орындарда сатуға нұсқау жасалды. Бұл да шебер журналистің елгезектігі екені сөзсіз. Кейіпкеріміз - өңірде Мұсылман әйелдері лигасының құрылуына атсалысқандардың бірі. Осы қоғамда төрайымның орынбасары болып жүріп, біраз істің басын қайырды. Бұл жөнінде лиганың төрайымы Зара Қожахметова жиі тілге тиек етеді.

Елордамыз Ақмолаға алғашқылар қатарында қызметке ауысқан жандардың бірі – біздің апайымыз. Республикалық телерадио-корпорациясында коментатор міндетін атқарды. Елбасы Н.Назарбаевтан талай мәрте сұхбат алуы журналист өресінің кеңдігін көрсетері айқын.

Журналистік қызметінен бөлек, Ғалия Құсайынқызының жазушылық еңбегі - өз алдына. Сегіз кітап жарыққа шығарған. Олардың арасында «Тұғыры биік тұлғалар», «Туған жер перзенттері», «Тағдырларды біріктірген  - Қазақстан», «Иса ақын және ұрпақтары» және басқа да кітаптары бар. Соңғысы жайында белгілі ақын Мүбәрак Жаманбалинов былай депті: «... Бәрінен де өткен биігі Иса атасы жайлы жазған кітабы дер едім. Кезінде жазушы Мұхтар Әуезов ендігі Абайдан кейін жазатын кітабым суырып салма ақын, актер, әнші әрі композитор Иса Байзақовқа арналады деген екен. Бірақ, ол сол жылы дүниеден өтті де, аяқсыз қалды. Осы міндетті атқарған Ғалияны сол үшін де құрметтеу керек!»

Елі үшін төккен тері ескерусіз қалған жоқ. Жоғары деңгейлі марапаттары оған дәлел. Ғалия Балтабай - ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР құрметті журналисі, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің иегері. Ал түрлі деңгейдегі «Құрмет грамоталары» қат-қатымен жинаулы тұр. Ғалия апайдың күрескерлігіне, қайсарлығына тәнті болған азаматтардың ой-пікірлерін ел арасында жиі естиміз. Олардың арасында табанды қазақ қызының қайсарлығын суреттеген арнау өлеңдерінен жылы лебіздің желі есіп тұрғанын аңғаруға болады. Әрине, мұндай ілтипат жұртының қамын ойлаған адамға ғана жасалатыны анық. Міне, қазақтың күрескер қыздарының бірі Ғалияның бүкіл бітім-болмысы, жүріп өткен жолы осындай. 

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық ақыны Фариза ОҢҒАРСЫНОВА:

- Қымбатты, Ғалия! Астанаға келген төрт жылда Қазақ радиосының осындағы бөлімімен бізді тығыз байланыстырып, жанын салып жүрген бір журналист болса, ол өзіңсің! Сенің дауысыңсыз Астана радиосының хабарлары солғын тартатын секілді. Арқа өңірінде ана тіліміздегі хабарлар өріс алмай жүрген кезде де қаламыңның сиясын құрғатқан емессің. Әдебиет пен өнер жайлы Астанада жылт еткен жаңалық болса, оның басы-қасында өзің жүресің. Осы жанашырлығың мен елгезектігің, еңбекқорлығың үшін өзіңе шын жүректен алғыс айтамын.


 

 

АМАНБАЕВ БОЛАТ СОВЕТҰЛЫ

 

   Аманбаев Болат Советұлы - мектеп түлегі,  2002 жылы "Жылдың ең үздік тілшісі" атағы берілді, 2002 жылы - Облыс әкімінің Грантына ие болды, ҚР Білім және ғылым министрінің  Құрмет Грамотасымен марапатталып, естелік медалімен марапатталды. 2003 жылы озық журналист ретінде - "Казактелеком" АҚ  дипломы мен сыйлығына ие болды. Мектепте оқыған кездерінде мектептің комсомол ұйымын басқарды.

2010 ж  «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Аманбаев Болат Советұлы – аймақтағы мемлекеттік бағдарламаның даму барысымен республика жұртшылығын тұрақты таныстырып отырғаны үшін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және грантымен марапатталды

 

 

Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің дамуы мен қалыптасуына және егемендігінің нығаюына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды;

 


 

 

СӘКІЖАНОВ ӘСКЕРБЕК ҚАНАТБЕКҰЛЫ

 Сәкіжанов Әскербек Қанатбекұлы - мүсінші, доцент, ҚР Суретшілер одағының мүшесі

 


Мектеп мақтаныштары